Главная » 2014 » Желтоқсан » 18 » Мақтаның Ұлы Отан соғысына дейінгі сорттары
12:45
Мақтаның Ұлы Отан соғысына дейінгі сорттары

                                   Мақтаның Ұлы Отан соғысына дейінгі сорттары

      Мырзашөл Сырдария өзенінің сол жақ қанатында кең жайылып, 10 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан ұлан-ғайыр құмды жазық, шөл дала болып табылады. Мырзашөлдің алғашқы зерттеушілерінің бірі П.П.Губинский 1897 жылы былай деп жазды: «Бұл аймақ Орта Азияның егіншілігі дамыған ең құйқалы өңірлерінің бірі ретінде мадақталады». 1865-66 жылдардың қыс айларында генерал Черняев бастаған басқыншы отрядтың Мырзашөлдегі экспедициясы кезінде керуен сарайлары мен бекеттердің қиранды орындары ұшырасты. Және бір ғажабы солардың кейбіреулерінің қасында егіншілікпен шұғылданатын отырықшы қоныстарының іздері табылған.

Тағы бір ерекше назар аударатын жайт, әдетте Орта Азиядағы, Түркістандағы мақташылық Ресей тоқыма өнеркәсібінің талаптары арқасында ғана туындап, дамыды деп саналады. Алайда, «Орта Азияда бұдан 700-800 жыл бұрын мақта халық шаруашылық үрдісінде үлкен сала болып өмір сүреді»,-деп тұжырымдайды ғалым И.Севастьянов өзінің 1921 жылы Мәскеуде жарық көрген «Мақта шаруашылығы һәм Түркістаннның мақта өнеркәсібі» деген кітапшасында. Мақтаны жергілікті халық қарапайым қолөнерлік әдіспен мата тоқу мен май жасау үшін өсірген.қалыптасқан осы ахуалда Түркістанның ішкі базарында мақтаның бағасы түзіліп, ол іс жүзінде емін-еркін сатылатын болған.

Ұлан-ғайыр өлке Ресейге қарағаннан соңғы жерде де сауда әлсіз дамыды. Дамып келе жатқан орыс өнеркәсібінің мақтаға деген сұранысы уақыт өткен сайын өсе түсті. Бұл укезде мақтаны иірілген жіп түрінде Англиядан алатын. Ағылшындар болса өз кезегінде мақта талшығын АҚШ-тан әкелді. Орта азияны Ресей жаулап, бағындырып алған уақыттарда бүкіл өлкеде мақта егістігі 35-40 мың десятина аралығында болды. Бұл суармалы алқаптардың 1 пайызы ғана еді. Мақта шаруашылығы ауыр кезеңдерді бастан өткеріп жатты. Мақта талшығы шитінен – тұқымынан қарапайым қондырғының көмегімен қол күші жұмсалып ажыратылды. Екі жұмысшы күніне 10 килограммдай ғана мақта тазалайтын. 250-300 килограммдық түйе теңі екі апта дайындалады. Ал 200 түйелік керуенді жөнелту үшін 200 адам бір ай бойы ертеден қара кешке дейін тынымсыз жұмыс істейтін еді. Самарқаннан ара қашықтығы 2500 шақырым болатын Орынборға тауарлардың жеткізілуі кейде жарты жылға дейін созылатын. Тек аса жедел, зәрулері ғана 2-3 ай мерзімде межелі жерге жететін.

Мақта сапасына ылғылдың кері әсер ететіні белгілі. Сондықтан, Орта Азияда жауын-шашын мүлде дерлік болмайтын жаз айлары осы аса құнды тауар шикізатын тасымалдау үшін неғұрлым қолайлы кезең деп саналды. Жазғы аптап ыстықтағы тасымал кезінде, әрине, мақта қаңсып кеуіп, салмағы азайып қалатын. Керуеншілер де қарап қалмай, қаптарды ашып, оның ортасына құм немесе тас салатын кездері де жиі кездескен. Осындай себептерден «азиялық мақтаға» сұраныс азырақ болды және ол орыс базарында Америкадан әкелінетін мақтадан гөрі үш есе дерлік арзанырақ бағаланды, мысалы,1869 жылы АҚШ-тан әкелінген мақтаның әрбір пұты 12 сом, ал азиялық мақтаның бір пұты 4 сом 15 тиын болды. Әлемдік өркениеттің кеңістігінің есігін бізден ертерек қаққан, экономикасы мықты, мәдениеті жоғары Ресей империясына қарғаннан кейін Мырзашөл тарихының жаңа шежірелі парақтары ашылды. Патшалы Ресей өкіметі өзіне қарайтын өлкелерді, әсіресе Түркістанда мақта егістігінің алқаптарын кеңейту орыстың мақта-мата өнеркәсібін осы шикізаттың шетелдік өндірушілеріне тәуелділігінен құтқарып, азат етудің ең сенімді кепілдігі екенін көре білді. Бұл жағдайда шетке кететін орыс төлемдері айтарлықтай қысқарар еді. Сондықтан, қазына қаржысынан бөлек , түрлі фирмалар мен жеке адамдардан да осы мақсатқа жаздыру арқылы қаржы жиналды. Мысалы, 1909 жылы Орта азиядағы мақта егілетін жерлерді суландыру үшін алдын-ала жазылу бойынша 1 миллион сом қаржы түскен. Уақыт өткен сайын Түркістандағы мақта шаруашылығын дамытуға көңіл көбірек бөліне бастады. Себебі, осы дақылды мол өсіруді, оның өнімін көбейтуді уақыт өзі талап етті.

Әлеуметтік-саяси жағдай қалыпты кезеңдерде мақта шаруашылығын дамытуға аса зор мән берілгендігін 1912 жылғы мақта өсірушілер съезінің өткізілуінен байқауға болады. Бұл туралы «Туркестанские ведомости» газетінде Мырзашөл тәжірибе станциясының меңгерушісі М.Бушуев жасаған «Мақта сорттары туралы» және «Мырзашөлдегі үлгілі крестьян шаруашылығының бюджеті туралы» екі баяндама аталып өтті. Мұнда келтірілген дерек бойынша, 10 десятина жері бар шаруа қожалығының жылдық жалпы табысы 2600 сомға жеткен. Ал, Түркістан ауыл шаруашылық тәжірибе станциясының меңгерушісі Р.Шредердің «Қандай мақтаны өсіреміз?» деген баяндамасында американдық сорттардың абзал екендігі айтылады. Жалпы, Түркістан өлкесінде мақтаның тез пісетін «Кинг», «Кок», «Чигит» сияқты сорттарын аудандастыруға осы кәсіппен шұғылданушылардың  мүдделі болғандығы байқалады. Мысалы, 1896-1897 жылдары Патша ағзамның Мұрғаб имениесінде әр десятинадан 100-120 пұттан өнім алынған. Ал, 10-11 жылдан кейін бұл көрсеткіш 30-40 пұтқа дейін төмендеп кеткен.

Мақта өсірушілер баяндамасында М.Бушуев Мырзашөл тәжірибе станциясында «Ташкент-Упланды» сортының тұқымы 1 десятинадан 232 пұт (35 ц/га) өнім бергенін мысалға келтірген .

Кеңшарға елдің барлық селекциялық станцияларынан жақсарту және көбейт үшін мақтаның жаңа сорттарының тұқымдары көптеп түсе бастады. 1930 жылы кіндігі «Мақтааралда» кесілген Навроцкий сортының тұқымы 19 мың гектар алқапқа егілді, келесі жылы осы сорт әуелі 155 мың гектар, одан кейін 670 мың гектар аумаққа аудандастырылды. Кеңшар тез пісетін, тез жетілетін сұрыптардың тұқым шаруашылығына да көп көңіл бөлді. Бұл тұқымды ыстық күндері тапшылау аудандар аса қажет ететін. Кеңшар осындай 6 мың тоннадан астам тұқымды Украинаның, Солтүстік Кавказдың жаңадан ұйымдасқан мақта өсіруші аудандары мен Қарақалпақстанның солтүстік аймақтарына жөнелтті. Кеңшар тұқымшылары тынымсыз жұмсаған күш-жігердің арқасында жоғары сапалы, ұзын талшықты және жедел пісетін 1306-ДВ сұрыбы өсіріліп шығарылып, өмір мен өндіріске, күн нұры сүйген, ерке самал әлдилеп тербеткен кең дала төсіне жолдама алды. Жоғары өнімді, үлкен қауашақты 108-ф бағалы мақта сортын айналымға енгізуге ұйытқы болды.        

«ОҚО мақта шаруашылығы тарихы мұражайында» мақтаның 1306, с3210, 18819, с460 сынды сорттары мақта талшығымен бірге әлі күнге дейін сақтаулы тұр. 

                                                                         Кіші ғылыми қызметкер Саметова С.

Просмотров: 401 | Добавил: aika | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:
Күнтізбе
«  Желтоқсан 2014  »
ДүСеСәБеЖұСеЖе
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031
Статистика

Онлайн болып отырғандар: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0