Главная » 2014 » Мамыр » 4 » Мырзашөлді суландыру жұмыстары
12:53
Мырзашөлді суландыру жұмыстары

Мырзашөлді суландыру жұмыстары

        Мырзашөлдің сарытап, айтақыр даласына өмір әкелетін, жан бітіретін, гүлдендіретін су болса, өмір суының жүгіретін күре тамырлары – адамның еңбегімен жасалатын каналдар еді. Құс қанаты талатын ұшы-қиырсыз кең жазықта мыңдаған адамдар қатыстырылып, ғаламат тер төгіліп, еңбек жұмсалып каналдар мен арықтар, ормандар мен бөгендер қазылуының ондаған жылдарға созылған тарихы Мырзашөл тарихының ең негізгі құрамдас бөлігі.

       Ресей бодандығына өткеннен кейінгі Түркістанның бірінші генерал-губернаторы К.П.Кауфман әскери инженер болған адам. Мырзашөлдің географиялық сипаттамасымен, табиғат ерекшеліктерімен танысқаннан кейін, ол 1871 жылы инженер штабс-капитан Н.Ульяновқа болашақ канал жобасын жасау үшін барлау-іздестіру жұмыстарына кірісуді тапсырады. Келесі жылы Н.Ульянов өз жобасын ұсынды, сөйтіп 1871 жылдың аяғына қарай жер қазу жұмыстары басталды. Өкінішке орай, жұмыс нашар ұйымдастырылды, қаржы дұрыс бөлінбеді, соның салдарынан құрылысты тоқтатуға тура келді. 1873 жыл Петербургпен екі ортадағы хат алмасуға және қаржы іздеуге кетті. Жұмыс 1874 жылы қайта жанданды. Төрт жыл бойы Мырзашөлдегі канал құрылысы міндетті борыштылық негізінде, яғни зорлық пен өктемдік негізінде жүргізілді, жергілікті халық өте ауыр, бейнетті жер қазу жұмыстарына еріксіз жегілді. Осы уақытта канал құрылысына 68294 жұмысшы қатыстырылды. Техниканың болмауы, еңбек жағдайының ауырлығы және жұмыстың нашар ұйымдастырылуынан төрт жылда 13,5 шақырым жерде ғана канал қазылды, ал бұған 125840 сом ақша жұмсалды. 1881 жылы патша үкіметі Мырзашөлге канал тарту жөніндегі жұмыстарды алдымен уақытша кідірте тұруға, кейінірек мүлде тоқтатуға мәжбүр болды.

       Канал қазу жұмысын бақылауға жіберілген патшаның жақын туысы, ұлы князь Николай Константинович Романов Мырзашөлді суландыру ісіне елеулі үлес қосты. Романов бұл жұмыстарды өзінің жеке қаржысы есебінен жүргізді және 14 жылда 1884  жылдың қарашасынан 1898 жылдың шілдесіне дейін бір миллион сомнан астам ақша жұмсады.

       Ұлы князь 1885-1891 жылдары аралығында сұлбасы осы кезге дейін сақталған Бұхара-арық деп аталатын канал қаздырады. Бұл жоба бойынша Сырдария суын Жетісай ойпатына, одан Бұхараға жеткізу мақсаты көзделді. Алайда, ешқандай жобасыз, алдын ала есептеулерсіз көз мөлшермен жүргізілген үлкен құрылыс сәтсіз аяқталды.

«ОҚО мақта шаруашылығы тарихы мұражайының» экспозиция залында Бұхара-арық каналының фотосуреті қойылған.

    Бұдан кейін жасалған Сырдария өзенінің арнасын тоспалап бөгеу әрекетінен де түк шықпады. Жіберілген су үш күннен кейін тоғанды бұзып кетіп, канал қирап бүлінді. Романовтың осыдан соң қаздырған Хорезм арық, Орынбай каналдарының құрылыстары да түрлі себептермен діттеген мақсатына жете алған жоқ.

         Кейінірек  техникалық тұрғыдан сауатты, білікті мамандар мен жергілікті тәжірибелі мұраптарды жұмысқа қосқан кезде, Сырдариядан тартылып, Сардоба ойпатына – Мырзашөлдің дәл кіндігіне дейін 100 шақырымға созылған «Николай-1» каналының бойымен 1896 жылдың қыркүйегінде су жүрді. Көп ұзамай Романов каналды ақ патшаның қазынасына 340 мың сомға  өткізді, сондай-ақ, оған жаңағы соманың үстіне қосымша 2 мың десятина жер берілді.

       Осы кезден бастап Мырзашөлді игеру ісімен патша үкіметі шұғылданды. 1899 жылдан бастап Мырзашөлде инженерлік жұмыстар жоспарлы түрде, тұрақты жүйе бойынша жүргізілді. Мұнда орыстың инженер – ирригаторлары, суландыру ісінің мамандары көптеп жіберіледі. Инженер Н.А.Петровтың жобасы бойынша инженерлік типтегі канал құрылысы басталады, бірақ жаңа суландыру жүйесінің түпкілікті жобасы тек он жылдан кейін ғана тұжырымдалып, дайын болады.

        Кездескен түрлі қиыншылықтарға қарамастан Мырзашөл өңіріне бірте-бірте каналдар тартылып, біртіндеп су келді, шөл далаға жан кірді. Түркістандағы мақта шаруашылығының болашақтағы даму перспективасы мұндайға құлағын түріп отырған американдық мақта өсірушілерді қатты ойландырып, алаңдатты. Мақтаның бағасын жоғары дейгейде түсірмей ұстап тұру үшін олар 1895 жылы осы дақылдың егістік алқаптарының көлемін қысқартып, өнімнің алтыдан бір бөлігін айналымнан аластауға ұйғарды. Американ экспедициясы 1903 жылдың жазында Орта Азияда болып, Ресейдегі мақта шаруашылығының болашағы зор зор екендігіне көз жеткізді. Мырзашөл аймағындағы жерді игеруге рұқсат ала алмаған американдықтар, атап айтқанда Э.Хамингтон, «Түркістанды суландыру жұмыстарын жүргізу қисынсыз, себебі, мұзарттар қорының жеткіліксіздігі өлкені қуаңшылыққа әкеледі» деп сәуегейсіді.

       Алайда, Түркістан өлкесіндегі суармалы егіншіліктің болашағы жоқтығы туралы өзінің болжамынан соң жеті жылдан кейін, 1910 жылы қараша айында американдық мақта миллионері Джон Гейс Гаммонд Ресейге келеді. Американ компанияларының бірі Мырзашөлде 900 мың десятина жерді суландыруға бірнеше ондаған миллион сом жұмсауды жобалаған. Дж.Г.Гаммонд Петербургте, Мәскеуде және Түркістанда үкімет мүшелері мен іскер адамдарға жолығып, Мырзашөлді оның синдикатына арнайы келісім-шартпен жалға беру мәселесін қойды. Ұсыныс қабылданған жоқ. Соған қарамастан ол 1911-1912 жылдары Мырзашөлге экспедиция ұйымдастырды. Экспедиция «бұл аймақ мақта шаруашылығын дамыту үшін аса қолайлы, таптырмайтын баға жеткісіз жер» деген қорытындыға келді. 1912 жылы Дж.Гаммонд 33 жыл мерзімге Мырзашөлдің оңтүстік бөлігінен 300 мың десятинаға жер беруді сұрайды. Тағы да сәтсіздік. Сапарлары сәтсіз аяқталған американдық концессионерлерге «Мырзашөлді мемлекет өз қазынасымен өзі игереді» деп түсіндірілді.

             Мырзашөлді игеру дайындығы патшалы Ресейді ең зор еңбегі 1913 жылғы қазан айының бесінші жаңасында ұзындығы жүз шақырымнан асатын Романов магистральды каналын қатарға қосып, салтанатты түрде ашуы болды. XIX ғасырдың басында инженерлік ұтқыр шешіммен, әсіресе, отарлық езгідегі жергілікті халықтардың еңбегімен салынған осынау үлкен құрылыс Кеңес үкіметі тұсында, кейінірек «Голодностепский северный магистральный каналы» дейтін. Кейінірек саясатсыз жүре алмайтын Кеңестер каналға Сергей Миронович Киров есімін берді. 1914 жылдың 21 маусымында «Мырзашөл каналынан суландырылатын қазына жерлерін бөлу туралы» патша жарлығы шықты. Бұл жарлық қазына жерлеріне, қоныстануға тек христиан дініндегі орыс үмбеттері ғана жіберілетінін жіліктеп заңдастырылды. Суармалы егіншіліктің мың жылдық тәжірибесін жинақтаған жергілікті диқандардың, жарлықтың жетінші тармағы бойынша өз атамекенінде отырып, Мырзашөлде тіпті жерді жалға алушы ретінде қоныстануға құқы болмады.

       РСФСР Халық Комиссарларының Кеңесі 1918 жылдың ақпанында Мырзашөлде ирригация жұмыстарын жүргізіп, Қазақстан мен Орта Азияның игерусіз жатқан жүздеген мың десятина жерлерін суландыруға байланысты іс-шара дайындауды тапсырды. Осы мақсатта ұйымдастырылған комиссия тікелей В.И.Лениннің басшылығымен жұмыс істеді. Сол жылы 17 мамырда Түркістан өлкесін суландыру үшін 50 млн. сом бөлу жөніндегі Декретке қол қойылды. Егер 10 сомға сол кезде екі семіз қой немесе бір сиыр сатып алатынын ескерсек, бұл аз қаржы емес еді.

       1924 жылы қарашада Мырзашөл топырағында тұңғыш рет «Мақтарал» мақта өсіретін кеңшар пайда болды. 1928 жылы «Мақтарал» кеңшары ұзындығы 27,5 шақырым К-20 деп аталатын канал құрылысын аяқтайды.  Бұл уақыттардың ішінде К-18, К-22 ирригациялық құрылыстары пайдаланылуға беріледі. Бұл каналдар 12 мың гектар жерді суландыратын еді.

       Мырзашөл өңірі ондаған ауыр, еңбекті жылдарын артқа тастап, Қазақстандағы мақта Отанына айнала бастады.

       Мақтарал ауданындағы «ОҚО мақта шаруашылығы тарихы мұражайында» Мырзашөл каналының қазылу кезіндегі құнды фотосуреттер, ашылу сәтін бейнелейтін фотосуреттер мұражай экспозициясынан орын алған.

                                          «ОҚО мақта шаруашылығы тарихы мұражайының»

                                                       кіші ғылыми қызметкері Саметова С.

Просмотров: 633 | Добавил: aika | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:
Күнтізбе
«  Мамыр 2014  »
ДүСеСәБеЖұСеЖе
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
Статистика

Онлайн болып отырғандар: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0