Главная » 2014 » Мамыр » 4 » Ерлік үшін медальды, еңбек үшін медальды бір темірден құяды
13:03
Ерлік үшін медальды, еңбек үшін медальды бір темірден құяды

Ерлік үшін медальды, еңбек үшін медальды бір темірден құяды

 

        ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңаруы: Жалпыға ортақ еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» тұжырымдамалық бағдарламасында, қазіргі замандағы Қазақстанда әлеуметтік жаңару жолындағы елеулі кедергі – ол әлеуметтік инфантилизм құбылысы болып табылатындығына айырықша назар аударады. Оның негізінде еңбекке деген теріс ой түрткісі жатыр. Санаға табысты өмір сүрудің теріс пиғылдағы, адамгершілікке жат – «аз еңбек етіп – көп табу», «ауадан ақша табу», «ақшада иіс болмайды» секілді жағымсыз формуласы еніп кеткен.

        Президент, өз туындылары әлеуметтік бағыттылықтан жұрдай мәдени қайраткерлерді өте орынды сынға алды. Басты қаһарманы өткен жылдардың немесе қазіргі заманның еңбек адамы болуы тиіс бірде-бір туынды жоқ.

Ал бұрынғы жылдары еңбек майданының қаһармандарын жылына бір рет қана құрметтеп қоймай емес, бұл жүйе күнделікті қолданылып отырған.

       Президенттің алға қойған міндеттеріне байланысты, мақта шаруашылығы тарихы мұражайының ұжымы Мақтарал ауданының құрылуына, Қазақстанда мақта шаруашылығының дамуына өз еңбектерімен сүбелі үлес қосқан Социалистік Еңбек Ерлеріне, орден иегерлеріне арналған экспозицияны құрды. Экспозицияны Социалистік Еңбек Ері «Пахтаарал» кеңшарының аты аңызға айналған директоры Орлов Александр Семеновичтің портреті ашып отыр.

          А.С. Орлов 1885 жылы Саратов губерниясы, Петров уезінің Пылково селосында дүниеге келді. Еңбек жолын кулак Армеевтың қолында жалдамалы жұмысшы ретінде бастады, бұдан соң сол Саратов губерниясында кулак Авдеевтың қолында жалданып жұмыс істеді. 22 жасында әскер қатарына шақырылып, мұнда ол 3 жыл Кубандық жаяу әскер полкінде қызмет етті. Тағдыр оны Байрамалыдағы патшаның алпауыт қожалығына айдап алып келгенге дейін, ол 8 жылдай өз қожайынына жалданып жұмыс істеумен болды. Кенеттен төбеден жай түскендей, Бірінші дүние жүзілік соғыс деген атауға ие болған империалистік соғыс пайда болды. А.С. Орлов майдандағы әскери қимылдарға қатысты. Мұнда ол революциялық өзгерістерді жүрегіне жақын қабылдады.

       Мұрағатта іздене жүріп, мен А.С. Орлов өзінің өмірбаянында 1917-1918 жылдары Байрамалы бекетінде милицияға басшы болғандығын атап көрсеткендігін анықтадым, алайда өзге басылымдарда бұл жөнінде ешнәрсе айтылмаған. Сонда да болса, 1922-1925 жылдары А.С. Орлов Байрамалыда мақта ісіне басшылық етеді. 1925-1926 жылдары ол Түркменстанның мақта комитетінің мүшесі және мақта кеңшарларының бөлім меңгерушісі болды.

       Ал дәл осы уақыттарда Түркістан мақта комитетінің бұйрығымен құрылған «Пахтаарал» тұқым шаруашылығы ұйымдық мәселелерді шеше алмай жатқан еді. 1924 жылдың 1 қарашасынан бастап директор лауазымын бірінен кейін бірі – Куколь-Яснопольский, Ведро, Волошин атқарды. Олар Грузарендадан мүліктерді, негізгі қаражаттарды алды. Грузин Республикасының өкілдеріне кеңшар 12 мың га жерін берген (ұзындығы 11,3 км болатын магистральды канал қазған, 5136 га суландырған, 2626 га мақта еккен, 920 м2 шаруашылық ғимаратты және 563 м2 тұрғын үй салған). Грузаренда орасан зор шығындарға батып, шаруашылықты пайдаланудан бас тартты. Сіздер өздеріңіз байқағандарыңыздай А.С.Орловқа  өте ауыр мұра қалды.

       А.С.Орлов өндірісті жолға қоя алды және көптеген ұжымшарларға ұжымдастыру кезеңінде техникамен, жеммен, ат-көлікпен, маман-кадрлармен көмектесті. Кеңшарда «Қызыл директорлар мектебі» жұмыс істеді.

       Білмейтіндер үшін мына жәйт қызық болар дейміз: Багара (Асық-Ата өңірі) кезінде кеңшардың бөлімшесі болған, сондай-ақ Париж коммунасы (Каучук) мен Иіржар ауыл округі де бір кездері «Пахтааралға» қараған екен. Кеңшардың аумағы өте үлкен болған. Қазіргі ұғыммен айтар болсақ, «Пахтаарал» кеңшары кеңшарлар мен ұжымшарларға өмір сыйлаған және Мақтарал ауданына атау берген қала түзуші кеңшарлық кәсіпорын болды. Осының мұражайда құжаттық дәлелі де бар.

     1926 жылы суландырылатын жерлер көлемінің ұлғаюы, халықтың отырықшылыққа жаппай көше бастауына мүмкіндік берді. Кешегі көшпенділер жер өңдеудің қыр-сырын ерекше ықыласпен меңгеріп жатты. Әрбір отбасы жаңадан қазылған Қоңырат каналының бойынан 5 га жер алды. Игерілген жерлерге бастапқыда мақта терімі кезіндегі маусымдық жұмыстарға Сарыарқа мен Арал өңірінен келетін жерсіз шаруалар да орнығып жатты (мұражай экспозициясында 1972жылы салынған суретші А.А.Гельденбергтің «Мақта пунктінде» картинасында көрініс тапқан).

         Былайша айтқанда, 1929 жылғы ұжымдастыру кезінде адамдар ұжымшарға бүкіл руымен кіріп жатты. Күні бүгінге дейін, мәселен кіші, орта жүз ру атаулары басым тұратын елді мекендер әлі де баршылық.

           Орлов Александр Семенович «Пахтаарал» тұқым шаруашылығын басқаруды өз қолына алды. Бұл шаруашылықтың алдында, Кавказ елдерін, Орта Азияны, Еділ бойының жаңа аудандарын мақтаның маңдай алды тұқымдарымен қамтамасыз етудің орасан зор міндеті тұрды. Қазіргі кезде мұндай міндетті орындау мүмкін емес болып көрінеді, алайда бұл тарихи шындық болып табылады.

    Бай өмірлік тәжірибе, революция мен соғыстың сынағы А.С.Орловтың бойында қабілетті ұйымдастырушының, жігерлі, өзіне және өзгелерге талап қоя білетін тамаша қасиеттерді дарытты.

           А.С.Орловта нақты, қатаң жұмыс күнінің тәртібі болды, бұл тәртіп қандай жағдай болса да ешқашан бұзылмаған. Шаруашылықта бірінші пайда болғаны сонша, түнгі қарауылдар ауысымын тапсырып үлгіре алмайтын. Таңғы сағат 9 дейін ол біресе мақта алқаптарында, біресе дала қостарында, біресе машина ауласында болатын. Дәлме-дәл 900 де Орлов 1 сағат өзінің жұмыс кабинетінде болып, одан соң өндірістік циклдер қайнап жатқан жерге – жұмысшылардың қалың ортасына баратын.

         Ол кісінің есімін, жасаған істерін ерекше ілтипатпен сөз етіп жатты. Себебі адамдар оның бойынан тамаша тәрбиешіні, жұмысшылардың өміріне, соның ішінде олардың әлеуметтік, тұрмыстық, мәдени жағдайларына аса сезімтал әрі қамқоршыл тұлғаны байқайтын.

         1934 жылдың өзінде-ақ БОАК қаулысымен А.С. Орлов Ленин орденімен, ал 1935 жылы – Қаз ОАК-нің «Қазақстанға 15 жыл» төс белгісімен марапатталды. 1940 жылы БАШК-нің Бас Көрме Комиетінің шешімімен оған Үлкен Алтын Жұлдыз берілді.

        Александр Семенович Орлов 1937 жылдан бастап арасын үзбестен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің барлық шақырылымының депутаты болып сайланып отырды. А.С. Орловтың тұсында 1928 жылы К-20 каналының құрылысы аяқталды. Құрылысы 1923 жылы басталған бұл канал күні бүгінге дейін егін алқаптарымызды сумен азықтандырып келеді. Каналдың ұзындығы 28 шақырымды құрайды, бұл канал жалпылама ұзындығы 222 шақырымдық 87 алқаптан тұрады. 1926 жылы шаруашылықтың орталық мекені салынды (Ильич-Атакент). 1930 жылға қарай мақта тазалау зауыты, 1955 жылға қарай – джингауз ОЖШ, қуатты электр стансасы, диірмен, май шайқау комбинаты, сабын шығаратын зауыт, жасанды мұз зауыты, 29 мың адамды нанмен қамтамасыз ететін наубайхана пайдалануға берілді. Кеңшарда 11 мектеп, 8 клуб, жазғы кинотеатр, 1 мың адамдық қысқы клуб, мәдениет және демалыс саябағы, мамандар үйі; рентген, хирургия бөлмелері бар 122 төсек орындық аурухана, балалар бақшалары мен бөбек жайлар, радио торабы, баспахана салынды.

         Пахтаарал кеңшарында жұмыс істеу көпшіліктің арманына айналды. Бірақ бұл кеңшар мамандары туралы басқа әңгіменің тақырыбы.

            Ең ірі көп салалы «Пахтаарал» кеңшарын басқарудағы қажырлы да адал еңбегі үшін А.С Орловқа 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы, екінші дәрежелі Ленин орденімен және «Орақ пен балға» алтын жұлдызымен қоса берілді. Кеңшардың орталық мекенінде Қазақ КСР Үкіметінің шешімімен А.С Орлов үшін арнайы оңаша үй тұрғызылды (қазіргі өлшем бойынша бұл шағын ғана жеке үй). А.С Орловтың еңбек жолында шаруашылықты басқармаған кезеңі де болды. Бұл 1941-1943 жылдар болатын. Бұл жылдары ол Қазақстанның тоқыма өнеркәсібін басқарды, халық комиссары болды және Алматы қаласында тұрды. Бұл уақыттарда кеңшардағы жағдай нашарлап кеткен болатын. 1943 жылы кеңшар алғаш рет мақта шикізатын дайындаудың жоспарын орындай алмай қалды. Бұл Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан қиын-қыстау кезең болатын. Жұмысшы ерлер қолы жетіспеді, жақсы ұйымдастырушы болмады. Осынау жылдары Орловтың жүргізушісі де әйел адам болатын! Партия А.С Орловты кеңшардың еңсесін көтеруге жіберді. Осы міндетті ол тағы да орындап шықты да, кеңшарды 1951 жылға дейін басқарды. Бұдан соң Ильич елді мекеніндегі аса ірі механикаландыру училищесін басқарды. 1955 жылдан 1956 жылдың наурыз айына дейін А.С Орлов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

         Жоғарыда атап көрсетілген марапаттарынан басқа А.С Орлов, І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жж Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ерен Еңбегі үшін» медалімен және Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталды.

        Мұражайда А.С Орловтың 1948 жылы салынған портреті бар. Суретші осы портрет арқылы А.С Орловтың негізгі қасиеттерін - оның қарапайымдылығын, ел, халық алдындағы ұлы парыз сезімін және жарқын болашаққа деген нық сенімін бере алды.

           А.С Орлов сонымен бірге өз балалары мен қызына еңбексүйгіштік, адалдық, әдептілік қасиеттерін дарыта білген өте жақсы әке де бола білді. Оның үлкен ұлы Орлов Федор соғыс жылдарында алдымен МТС-ы директорының орынбасары, содан соң оның директоры қызмет атқарды, партия органдарында жұмыс істеді, ал 1950 жылы Коминтерн бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1957 жылы мақта шикізатынан алған жоғары өнімі және бөлімше бойынша басқа да жоғары көрсеткіштері үшін Федор Орловқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Бұл бір отбасында екі бірдей еңбек ері болған бірден бір жағдай болатын. Мұны бүкіл Пахтаарал мақтан тұтты.

       Аты аңызға айналған жарқын тұлға Александр Семенович Орловтың қысқаша өмірбаяны міне осындай. Біз Бетпақ даланы бағындырған, аты аңызға айналған адам туралы сценарий жазатын сценарист-жазушы, кино түсіретін режиссер, продюсер табылады деп үміттенеміз. Біздің бәрімізде «Пахтаарал» кеңшары туралы хроникалы-деректі фильмді көре отырып, күнделікті еңбек даңқына бөленген сағындырған сол жылдармен қайта қауышудың ғажайып сәті бар. Экраннан бізге Социалистік Еңбек Ері А.С Орлов, Есентаев Нұрмұхамет, Фрида Шмакова қарап тұр. Жас Итбай Үсембековке ауатком хатшысы Е. Тасамбаев партия билетін тапсырып тұр, мінеки ол Нифталиев Закаулламен бірге Октябрь бөлімшесінің ұжымын аяздан арашалап алып жатыр. Мұнда сонымен бірге көктемгі тасқынмен күресті де, мақтаны дефоляциялау жұмыстарын да және т.б көресіздер. Экрандық көріністердегі өрімдей жап-жас жігіттер мен қыздардан, бүгінгі ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды қариялар өздерін көріп, танып жатыр. Жер бетінде бұлжымас құндылықтардың, жасампаздыққа деген ыстық ықылас пен ниеттің бар екендігін мінеки уақыттың өзі көрсетіп отыр. Ендігі біздің мақсатымыз әкелеріміз бен аналарымызды үлгі ете отырып, ұл-қыздарымыздың бойында осындай махаббат сезімін қалыптастыру болып табылады. Біздің көшбасшымыз Н.Ә Назарбаев бізге міне осыны өсиет етіп отыр.         

«ОҚО мақта шаруашылығы тарихы мұражайы»

МКҚК-ның директоры Тажибекеев А.С.

Просмотров: 389 | Добавил: aika | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Аты *:
Email:
Код *:
Күнтізбе
«  Мамыр 2014  »
ДүСеСәБеЖұСеЖе
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
Статистика

Онлайн болып отырғандар: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0